нашар көретіндерге арналған нұсқа қалыпты сайт нұсқасы
қазақшарусскийenglish

Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана, біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Жолдауы

Жаңалық

27.12.2017

Діни бірлестіктермен байланыстар жөнідегі Кеңес отырысы өтті

Дін мәселелері бойынша құрылған ақпараттық түсіндіру топтарының құрамы өзгереді. Бұл туралы 27 желтоқсан күні облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұловтың  төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес отырысында облыстық дін істері басқармасының басшысы С.Ғиззатов мәлімдеді. Оған мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының, қоғамдық және діни бірлестіктердің басшылары, онлайн режимінде аудан әкімдері мен орынбасарлары қатысты.

Облысымызда дін мәселелері бойынша құрылған ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамында ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік қызметкерлер, дінтанушылар, теологтар, дәстүрлі діни бірлестіктердің және ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері бар. Олардың қатысуымен ағымдағы жылы 208 295 адамды қамтыған 4 039 шара ұйымдастырылған. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2,5 есе жоғары. Бөрлі, Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Теректі аудандарында жұмыстардың белсенді жүргізілгені байқалады. Әйткенмен, облыстық дін істері басқармасы биылғы жылы саннан гөрі сапаның маңыздылығына айрықша назар аударды.

 – Бұл мақсатта биыл тұрғындардың арасында 1000 респонденттің қатысуымен    әлеуметтік зерттеужүргізілді. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 41,8 пайызы өз аудандарындағы ақпараттық түсіндіру туралы хабардар екенін айтса, 27,8 білмейтіндерін айтқан. Ал қалғандары жауап бермеген. Ал ақпараттық түсіндіру топтарының жұмысын қатысушылардың 95,1 пайызы қанағаттанарлық, жақсы, өте жақсы деп бағалапты. Екі мәселені де саралай келе біз сапалық мәселеге ден қою қажеттігін түсіндік. Мәселен, Зеленов ауданында 316 шара өткізілгенімен, аудан тұрғындарының 27,5 пайызы ғана ақпараттық түіндіру топтарының жұмысынан хабардар. Бұл басқа да аудандарға қатысты. Көп жағдайда сан мен сапа сәйкес келмейді, – дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Саялбек Махамбетұлы.

Бұдан әрі басқарма басшысы ақпараттық түсіндіру жұмысатрының үздік нәтижелерін баяндап, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі ақпараттық түсіндіру топтарының сапалық құрамын қайта қарау және сапаға аса мән беріп, топ мүшелерін қазіргі 213 адамнан азайтуды ұсынды. Қазақстан Республикасы дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаевтың жол картасы тапсырмасына орай, жаңа құрамды 20 қаңтарға дейін жасақтау қажет.Бұл мәселеге орай, кеңес төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов аудиториямен жұмыс жасай білетін спикерлерді дайындауда республикалық деңгейдегі мамандарды тартуға көңіл бөлу қажеттігін алға тартты. Ал өткізілген шаралардың нәтижесінің төмендігіне байланысты аудан әкімдіктеріне мақсатты топтарды дұрыс таңдау және жұмыстың жан-жақты жүргізілуіне назар аударуды тапсырды.

Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық білім беру басқармасының басшысы Ш.Қадырова орта білім беру ұйымдарындағы мемлекеттің зайырлы қағидаттарының, соның ішінде міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бойынша жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Шолпан Маратқызының сөзінше, 2017-2018 оқу жылының басында білім беру ұйымдарындағы мектеп формасына қойлатын талаптарды бұзу бойынша 162 факті тіркелген. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде олардың 111-і орамалдарын шешіп, бүгінгі күні сабаққа қатысып отыр. Бұл талаппен келіспеген 26 оқушы басқа өңірлердегі мектептерге ауысқан. Солардың бірі – Ресей Федерациясының Грозныйқаласындағы мектепте қашықтықтан оқыту бағдарламасы бойынша білім алуда.  Қазіргі уақытта оның заңдылығы тексерілуде. 1 оқушының ата-анасы қызын мектепке 7 жастан апару жөнінде шешім қабылдап, оқудан алып кеткен. Бірақ, бұл мәселенің түпкілікті шешілуі емес. Әлі де 11 мектептегі 24 оқушы сабаққа қатыспай отыр.

 – Сабаққа келмей отырған қыздардың отбасына жүргізілген әлеуметтік зерттеу кезінде олардың аналары мүлде жұмыс жасамайтынын, ал әкелері такси жүргізушісі, күзетші қызметінде жұмыс жасайды. Осы мәселеде алаңдаушылық тудырып отырған жайт – Ақжайық ауданындағы бір мектептің мұғалімі өзінің қызын және бір бапкер үш қызын сабаққа жібермей отыр. Сондықтан, мүдделі органдардың, имамдар мен теологтардың бізге көмек көрсетуін сұраймын. Өйткені сабаққа қатыспаған қыздар бірінші, екінші тоқсандарда аттестацияланбады. Осылай жалғасар болса, олардың сол сыныпта екінші жылға қалдырылу қаупі бар, – деді басқарма басшысы.

Қыздарын сабаққа жібермеген біренше ата-анаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған. Ғабидолла Оспанқұлов «Неке және отбасы» кодексінде 18 жасқа дейін баланың білім алуына заңды тұрғыда ата-ана немесе оның асырушысы жауапты екенін, сәйкесінше оларға міндеттерін орындатуды талап етіп, мүмкін болмаған жағдайда жауапқа тарту қажеттігін жеткізді.

 – Бұл жерде баланың еш кінәсі жоқ. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мектеп – білім ұясы. Онда діни сипаттағы қағидаларға жол берілмейді. 111 оқушыны мекетпке қайтарудың өзі үлкен нәтиже. Енді қалғандарымен жұмыс жүргізу керек. Қала, аудан басшылары бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек, – деді Ғабидолла  Абдоллаұлы.

Кеңес отырысының қорытындысында дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы облыстық мобильді ақпараттық-түсіндіру тобының белсенді мүшелері Талғат Нығметов, Данилбек Саратов, Марат Асанов, Дмитрий Дильманов алғыс хаттармен марапатталды.

Эльмира Нұғманова

Нравится